Бельгиядағы қазақ балалары арнайы курстарда ана тілін үйреніп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиядағы қазақ балалары арнайы курстарда ана тілін үйреніп жүр

04.09.2020

Бельгиядағы қазақтардың «Шаңырақ» ұйымының өкілдері балалар мен ересектерге қазақ тілін үйретуді бастады. Курсқа алғашқылардың бірі болып осы мемлекетте қызмет бабымен, отбасы жағдайына байланысты тұрып жатқан қазақстандықтар қызығушылық танытқан. Жат жердегі қандастарымыз ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпай, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа дәріптесек деп отыр. 

Бұл - Бельгияда дүниеге келген балғындар. Саябақта сабақ өткізілген үш күн ішінде қазақша әріп танып, тіл сындыра бастағандарына разы. Өз тілін, тарихын, әдет-ғұрпын білуге талпынған қаракөздеріміз төртінші сабақты киіз үйде жалғастырды. Алты қанатты ақ үйге жайғасқан балғындар бабалар баспанасының қыр-сырына қанықты. 

Әсел Ақтеке:

- Менің атым Әсел. Мен 12 жастамын. Мен Бельгияда дүниеге келіп, сабақты нидерланд тілінде оқимын. Анам-қазақ, әкем-түрік. Қазақ тілінде таза сөйлегім келеді. Қазақстанға барғанда нағашыларыммен еркін сөйлесу үшін осы курстан қазақ тілін үйреніп жүрмін. 

Тегін курсты ұйымдастырып, балғындарға қазақша үйретіп жүрген Ақмарал Әмірқұлова. Мақсаты - балғындардың санасына халқымыздың рухани байлығын сіңіру. 

Ақмарал Әмірқұлова, Бельгиядағы қазақтардың «Шаңырақ» ұйымының төрайымы: 

- Пандемияға байанысты, көп аудиторияда балаларды жинау мүмкін емес. Өйткені 10-15 тен артық жиналмауымыз керек. Сондықтан да бізде курста оқып жүрген оқушылардың саны - 14-15. Осы жақта тұрып жатқан қазақтардан бастап жатырмыз.

Бельгияда Қазақстаннан асырап алынған 400-ден астам балғын тұрып жатыр. Тұлымшағы желбіреп, қара көзі мөлдіреген олардың да ана тілін үйренуге ынта-ықыласы зор. Індеттен құтылған соң, Ақмарал сол балаларға да қазақша үйретуді қолға алмақ. Домбыра үйірмесі де жұмысын бастайды. Қазақтың ұлттық аспабында ойнауды ғаламтордан 6 ай ішінде үйренген түрік жігіті Гуркан бұл жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу