Президент Жолдауын іске асыруға 2 трлн теңгеге жуық қаржы жұмсалады

04.09.2020

Биыл 300 миллиард, ал келер жылы 1 триллион 600 миллиард теңге қажет! Президент жолдауындағы маңызды міндеттерді іске асыру үшін осынша ақша жұмсалады. Бүгін Жолдаудағы тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қажетті қаржы бюджетте қарастырылғанын жеткізді. 

Қаржылық тұрақтылықты қамтып, экономикалық өсімді қалпына келтіруге Жолдауда ерекше басымдық берілген. Осыған жауапты вице-премьер Әлихан Смайылов бастаған министрлер маңызды шаруаны іске асыру үшін бизнесті қолдау керектігін айтады. Карантиннен кәсібі тоқырағандар зейнетақы, медсақтандыру қорларына жыл соңына дейін ақша аудармаса болады. Айналым қаражат үшін берілетін 200 миллиард тағы бар. Тіпті несиелері де мемлекет есебінен субсидияланады. 

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазір бизнес иелері қиын жағдайда қалды. Арасында 14-15 пайызбен несие алып, жұмысын бастағандар бар. Оларға тіптен қиын. Сондықтан мемлекет мұндай кәсіпкерлердің несиесін 6 пайызға дейін субсидиялайды. Оның мерзімі – 1 жыл. 

Қолдау мұнымен бітпейді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардан орын жалдап, кәсібін дөңгелеткендер жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босатылады. Ол үшін бір ғана өтініш жазса жеткілікті. 

 Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Gosreestr.kz деп аталатын арнайы веб-портал бар. Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардан орын жалдаған шағын және орта бизнес иелері сонда кіріп, өтініш қалдыра алады. Сөйтіп жыл соңына дейін жалдау ақысын төлемесе болады. 

Ал Жолдаудағы осы және өзге де маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін биыл 300 миллиард, келер жылы 1,6 трлн теңге қажет. Ақша бюджетте қарастырылған. «Тек басты қаржылық құжатқа түзетулер енгізу керек», - дейді Әлихан Смайылов. Қаржы дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын арттыруға, жол жөндеуге және ауылдарды жаңғыртуға жұмсалады. Сөйтіп келесі жылға дейін 200-ден астам ауылдың жағдайы жақсармақ. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Үкіметпен тиісті кешенді жоспар іске асырылуда. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес халыққа және бизнеске қосымша көмек беру бойынша іс-шаралар енгізілуде. Келесі жылы біз ойлаймыз ЖІӨ кем дегенде 2,8%-ға өседі, ал орта мерзімді перспективада экономикамыздың өрлеу қарқынын біз 5%-ға жеткізуіміз керек. 

Сол 5 пайызға жету үшін, мемлекеттік компанияларды бәсекелес ортаға беру де маңызды. Сондықтан жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кезекті бағдарламасы әзірленіп жатыр. 

Досжан Маратұлы, тілші:

- Ал мемлекеттік қызметкерлердің саны 25 пайызға қысқарса, өзгелерінің жалақысы қаншаға өсуі мүмкін? Ұлттық экономика министрінің айтуынша, негізінен басшылық қызметтегілердің емес, қатардағы мамандардың ақшасы өседі. Ол шамамен еңбекақысының 15 пайызын құрайды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу