Қазақстандық оқушылардың 80 пайызы «Bilim land» платформасы арқылы білім алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық оқушылардың 80 пайызы «Bilim land» платформасы арқылы білім алып жатыр

04.09.2020

Қашықтан оқытудың жаңа жүйесі біраз проблемаларды жеңілдеткендей. Бір мезетте кемі 1,5 млн оқушы кірген. Платформа оқушылардың бұдан да көп үлесін қамти алады. Тек кей жерлерде интернеттің әлсіздігі бағдарлама жұмысына кедергі. Цифрлық білім беру ресурсы несімен ерекше? 

11 сыныпта оқитын Фарида үшін платформа жұмысының жүйелі болғаны маңызды. Себебі алда тестілеу сынағы күтіп тұр. Айтуынша, көктемде біраз қиналған. Ал жаңа оқу жылында кедергілер кездеспепті. 

Фатима Хисамудтинова, №78 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:

- Кіре алмай қалған сәттер болған жоқ. Бірақ кей жағдайда интернет ақаулары болып тұрады. 

Әр мектеп өзіне ыңғайлы жүйені таңдайды. Биыл елдегі 7000 мектептің басым бөлігі «Bilim land» онлайн мектеп платформасымен білім алып жатыр. 

Сымбат Мәжитова, №78 мектеп-гимназиясы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:  

- Басында оқушылардың кіре алмады. Содан кейін үйреніп кетті. 

Шетелдік тәжірибеге негізделген жаңа платформаны жасауға 3 ай уақыт кетті. Ал тамыздан бері ұстаздар да осы жүйенің қыр-сырын меңгеріп, оқыту курстарынан өткен. 

Раушан Сайлауқызы, тілші: 

- Отандық платформа дәл осы жерлегі мамандармен қоса білікті ұстаздардың көмегімен жасалды. Бұрынғыдай телефон, ноутбук сияқты бірнеше құрылғыны қолданудың қажеті жоқ. Барлығы бір жүйеде біріктірілген. Бұған 42 пән бойынша 5700 материал енгізілген. Ұстазбен кері байланыс жасап, видеоқоңырау арқылы сөйлесуге болады. Дәл қазіргі уақытта жүйеге қосылғандардың саны 690000, қаралым саны 1,5 млн-нан асады. 

Платформаның ауқымы кең, бірақ қолдануда қиындық жоқ. Тапсырмалар деңгейлермен дайын берілген. Аудио видеомен түсіндіретін нұсқаулықтар бар. Анимациялық видеолар, виузалды зертханалар, интерактивті жаттығулар енгізілген. ҰБТ-ға дайындалу үшін «iTest» бағдараламасы да бар.

Рауан Кенжехан, «Bilim Media Group» компаниясының директоры: 

- Біз осындай тығыз уақытта өте үлкен ауқымды жұмысты жасауға мәжбүр болдық. Сол себептен азды-кемді кемшіліктер кетіп жатыр. Біз оларды бірден көріп, жөндеп, қазіргі жағдайға икемдеп жатырмыз. 

Мамандар екінші тоқсанның бағдарламасын жасауға кірісті. Егер ата-ана, оқушы тарапынан қандай да бір сұрақ туса, «Bilim land»-тің желідегі парақшасында барлығы анық көрсетілген. Арнай Call-орталық та бар.  

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу