Қостанайда инфекциялық аурухана салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда инфекциялық аурухана салынып жатыр

28.08.2020

Еліміздің өңірлерінде коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық жұмыстары жалғасуда. Қостанай облысында жаңадан инфекциялық аурухана салынып жатса, Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың 2 айлық қоры жасақталды. Шығыс Қазақстанда індет ошақтарын жою орталықтары жасақталғалы жатыр. 

Қостанайдағы жұқпалы ішек ауруларын емдейтін аурухана 200 төсек орынға лайықталған. Нысан құрылысының қазір 80 пайыз жұмысы аяқталған. Қазан айында пайдалануға берілмек. Жаңа нысанда барлығы 170 адам жұмыс істейтін болады. Емдеу мекемесі қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіледі. 

Марат Дәуменов, облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Лобораториялық жабдықтар бар және диагностикаға арналған компьютерлік томография, рентгенге түсіретін техникалық жабдықтар бар, одан әрі ота жасайтын техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Шымкент қаласында осы жылдың қарашасына дейін жететін дәрілік препараттар қоры жасақталды. Қоймаларда 140 мың қорап ыстықты түсіретін және 210 мың қорап вирусқа қарсы препараттар бар. Бүгін провизорлық орталықтың бірінен жұқпалы инфекцияға шалдыққан соңғы науқас жазылып шықты. 

Жалпы шаһарда бүгінге дейін қатерлі кесел жұқтырған науқастардың 85 пайызы дертінен айыққан. Енді оларды әрі қарай сауықтыру ісі қолға алынуда. 

Дәулет Шорабаев, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі:

- Қазіргі таңда алгоритмі жасақталып жатыр. Санаториялық курортта емделуге. Олардың саны - 4 379. 

Солтүстік Қазақстан облысында провизорлық стационардағы төсек орындардың үштен бірі қысқарды. Осыған байланысты облыстық аурухана жанындағы стационар жабылды. 

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу