Қызылорданың ең үздік мектебі анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорданың ең үздік мектебі анықталды

26.08.2020

Қызылорда облысында ең үздік мектеп анықталды. Конкурсқа қатысқан өңірдегі 293 мектептің арасынан Қазалы ауданында №249 лицей топ жарды. Соңғы үш жылдағы жетістіктерімен көзге түскен мақтаулы білім ошағына 17 миллион теңге табыс етілді. Сыйақы Тамыз кеңесінде табысталды.

Қазалы ауданындағы Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейі - дарынды оқушыларды тəрбиелеп отырған білім ошағы. Соңғы он жылда 100-ден астам «Алтын белгі» иегерін түлетті. Жыл сайын мектеп бітірушілердің 80 пайызы мемлекеттік грантты иеленеді. Сандық технология мен ғылымға басымдық береді. Ол үшін арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Облыста «Ең үздік білім ордасы», пəндік олимпиада нəтижесімен «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясын иеленіп, білім ошағына 17 миллион теңге қаржы табысталды.

Батырбек Тəңірбергенов, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің директоры:

- 20-15-ке жуық оқушы бір сыныпқа іріктеліп, бітіріп шығады. Жалпы аудандағы ең үздік бітірушідер осы лицейден бітіреді.

Жаңа оқу жылындағы басты жаңалық - облыстағы 58 мектеп жан басына қаржыландыруға көшеді. Бұл - бəсекелістікті қалыптастырады. Сондай-ақ, келер жылдың қаңтар айынан бастап барлық білім ұйымдарын облыстық басқарма қаржыландырады. Кеңесте қашықтан оқытуға қатысты мəселелер де талқыланды. Оқушыларды электронды құрылғымен қамту, ауылдарға интернет желісін жеткізу жайы сөз болды.

Ақзира Қасымова, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- 20856 компьютер болса, оның 14203-і қазір балаларға пайдалануға жарамды. Барлығын мұқтаж балаларға таратудамыз. 

Облыста əлі де үш ауысымда білім беретін, апатты жағдайда тұрған мектептер бар. Осы түйткілді шешу үшін қазір төрт мектеп салынып жатыр. Оның екеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Тəжімұрат Жомартұлы

Хабарламаларға жазылу