ШҚО-да локомотив пен 23 вагон рельстен шығып кетті
Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында пойыз апатқа ұшырады. Қатты желдің салдарынан Жақсыбұлақ станциясында тұрған жүк вагондары өздігінен орнынан қозғалып, сол сәтте келіп қалған жүк пойызымен соқтығысқан. Оқиға салдарынан 23 вагон рельстен шығып кетіп, локомотив жана бастаған. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ кеше кешке облыс орталығы Өскемен қаласындағы қойманың бірінде өрт болды. 400 шаршы метр аумақты от шарпыған. Дереу оқиға орнына 30 өрт сөндіруші мен 10-ға жуық техника жұмылдырылды. Екі оқиғада да ешкім зардап шеккен жоқ.
Еркін Мамырбеков, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:
- Қасақана от қойылуы мүмкін деп ойлап отырмыз. Десе де өрттің шығу себебін арнайы мамандар анықтап, толық жауабын береді.
Кеше Қостанай облысының Рудный қаласындағы автопарктегі өртке қатысты да «қасақана жою немесе бөгденің мүлкін зақымдау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.Онда автопарк өртеніп, 10 автобус жанып кеткен болатын.
Берік Көшербай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы