Бельгияда маска тағу ережесі күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда маска тағу ережесі күшейтілді

25.08.2020

Бельгияда да коронавирусты қайта жұқтыру оқиғасы тіркелді. Орта жастағы әйел үш ай бұрын ғана індеттен толық жазылып шыққан. «Бұл жолы жұқтырғаны мүлде басқа штамм»,-дейді вирусологтар. Елде індеттің таралуына тосқауыл қою үшін қауіпсіздік ережелері күшейтілген. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бельгияда эпидахуал тұрақты. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда індет жұқтырушылардың саны 15 пайызға төмендеген. Ауруханаға бүгін бір тәулікте 16 адам түсіпті. Бұған дейін елдің Фландрия аймағы, Антверпен қаласы індет ошағы деп саналса, енді Брюссельде COVID жұқтыру оқиғасы көбейген. Осыған орай медициналық бетперде тағу ережесі күшейтілді. Бұрын масканы тек дүкенде, қоғамдық көлікте, жабық ғимараттарда ғана киген болсақ, қазір көшеде маскасыз жүруге болмайды. Ереженің орындалуын полиция қызметкерлері қадағалап жүр.

Маска тақпағандарға 250 еуро айыппұл салынады. Сондай-ақ індет өршіп тұрған аймақтардан, демалыстан, саяхаттан оралғандарға қатысты да ереже қатаң. Олар елге келген күні бірден тест тапсырып, 14 күн карантинде болуы керек. Және 9 күннен кейін тестті қайта тапсыруға міндетті. Тәртіпке бағынбағандар 200 еуродан 4 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. 

Жалпы, бүгінге дейін Бельгияда коронавирусты 82 мыңнан астам адам жұқтырып, індеттен 10 мыңға жуық адам көз жұмды.

Хабарламаларға жазылу