Ажары артқан Мөңке би ауылы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ажары артқан Мөңке би ауылы

29.08.2020

Ажары артқан ауыл! Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Мөңке би елді мекенінде атқарылған іс көп. Мұнда биыл ауызсу құбыры тартылып жатыр. Әсіресе, ауыл жастарының ісі көпке үлгі. Олар туған жерлерінің көркеюіне зор үлес қосып келеді. Тұрғындар алдағы бірер жылда жағдайымыз қаладан кем болмайды деп сенеді.

Ауыл көркіне көз тояды. Алайда алыстан су тасыған тұрғындарды көргенде «əттеген- ай» демеске амал жоқ. Гүлжайнар Наменова да арбасын сүйреп күніне 2-3 мәрте сағаттап берілетін суға асығып барады. Өйткені теміржол бойындағы ұңғыма суы ауылға түгел жетпейді.

Гүлжайнар Наменова, Мөңке би ауылының тұрғыны:

-Ауыл ауыл болғалы атпадан су тасып келе жатырмыз. Бұрынғы колхоз, совхоздың уақытынан бері атпадан су тасимыз осылай. Бізге қиын. 

Дегенмен ауылды алаңдатқан бұл мәселе шешімін таппақ. Сметалық жобасы дайындалып, биыл алғашқы жұмыстар басталды. Су құбыры келер жылы әрі үйге жеткізіледі. Аймақта алғаш болып осы Мөңке би ауылының көшесіне айнадай тегіс тасжол төселді. Оның бір бөлігі Ақтөбе-Шалқар негізгі жолына қосылады.

Жаңабай Ерғазин, зейнеткер:

-Ауылдық жерде біз біріншіміз деп ойлаймыз. Мұндай көше бізге өте мақтаныш болып тұр.

Ауыл жасатрының ел үшін атқарған ісі аз емес. Жастар саябағын салып, Мөңке би бабаға бюст орнатқан. Мектеп ауласына ойын алаңын салып, жеке демеушілер оқушыларға спорттық киімдер тарту етті.

Нұрбек Бисенов, Мөңке би ауылдық округінің әкімі:

- Ауылға ІІ Дүниежұзілік соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш жаңартылып ,жаңадан саябақ салынып, ішіне ағаш отырғызылып, жаңартылды.

Биыл да ауылдың жанашырлары жай жатпады. Тал-терек отырғызып, субұрқақ салып жатыр. Ауылдың игілігі үшін тұрғызылған осы нысандардың тұрғындардың өзі күтіп-баптайды. Ол үшін 7 адам жұмысқа тартылған.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу