Нұр-Сұлтанда COVID-19 бойынша жедел жәрдем шақыру саны 83 есе төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда COVID-19 бойынша жедел жәрдем шақыру саны 83 есе төмендеді

17.08.2020
Нұр-Сұлтанда COVID-19 бойынша жедел жәрдем шақыру саны 83 есе төмендеді

Нұр-Сұлтанда Covid-19 бойынша жедел жәрдем шақыру саны 83 есе төмендеді.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жедел жәрдем шақырулардың жалпы саны 3 есе – тәулігіне 3 мыңнан 1 мыңға дейін төмендеді. Стационарларда өкпе қабынуымен ауыратын науқастардың саны 7 есе азайды. Қабылданған карантин шараларының арқасында инфекцияның таралу тізбегін үзіп, медицина ұйымдары мен қызметкерлер жүктемесін едәуір азайтуға қол жеткізілді. 

«Қазіргі уақытта стационарларда 343 адам бар. Аурудың шарықтау шегінде 4 мыңға жуық адам болды. Алты аптаға созылған карантиннің арқасында коронавирустың таралуына байланысты жағдай реттелді. Мемлекет қабылдаған шаралар дәрігерлерге өз жұмыстарымен тікелей айналысуға – адам өмірін сақтауға мүмкіндік берді. Медицина қызметкерлері әрбір науқасқа тиісті көңіл бөлді. Біз төмендеу динамикасын жалғастырып қана қоймай, карантин нәтижелерін де бекітуіміз керек. Инфекция таралмауы үшін бәрін жасау қажет. Мұны болдырмау тек қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау арқылы ғана мүмкін. Карантинді жеңілдету вирус түбегейлі жойылды дегенді білдірмейді. Оның қаупі әлі де бар. Туыстарыңызды қорғау үшін қатаң санитарлық нормаларын ұстанып, қонаққа, адам көп жиналатын орындарға барудан бас тарту қажет», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Елордада 16 стационардың алтауы жабылды. Олардағы барлық науқастар емделіп шықты. Стационарлардың жүктемесі 99 пайыздан 17,2 пайызға дейін төмендеді. Барлық қалалық емханалар алдын ала жазылу бойынша жоспарлы қабылдауды қайта бастады. КВИ белгілері барларды қабылдау бойынша фильтр-кабинеттердің жұмысы жалғасуда.


Хабарламаларға жазылу