Шығыс Қазақстанда ауылдық әкімдік тұрғындарға елді-мекен ішінде бие байлауға тыйым салды. Билік өкілдері Катон-Қарағай ауданындағы Өрнек ауылының тұрғындарына жайлауға көшу керектігін әлденеше рет ескерткен. Ал қымыз өндірісінен өз нәсібін тауып отырған жұрт тау асып, ауылдан алысқа көшкісі жоқ. Жағдайды ауылдық округтің әкімі түсіндіруге тырысып бағуда.
Қайрат Нұрқанов, Белқарасай ауылдық округінің әкімі:
Өрнек ауылының көлеміне байланысты, 500 гектар жерге 384 бас сиырды жайғанға заңмен шектейтін норма бар. Сол норма бойынша жер екі-ақ айға жетеді. Ал бұл жерге қымыз сатып отырған тұрғындар 30-40 биеден байлап, елдімекен жеріне биелерін жайып жатыр.