Қостанай облысында карантин жарияланғалы кез-келген жерге шомылуға тиым салынғанымен, талапқа бағынбайтындар көбейіп барады. Төтенше жағдай қызметі жергілікті полициямен бірлесіп осы уақытқа дейін жағажайларда 1500 рейд жүргізген. Жүзге жуық адам әкімшілік жауапқа тартылып, 445 мың теңге айыппұл салынған. Шомылу маусымы басталғалы өңірде 17 адам суға кеткен. Оның төртеуі бала.
Исабек Қабылбеков, Облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
Қостанай облысының аумағында карантин жағдайы енгізілген. Осыған байланысты кез-келген су айдындарында, ресми бекітілген жағажайларда суға шомылуға тиым салынады. Облыс тұрғындары мен қонақтарын әрдайым осыны қаперде ұстауға шақырамыз.Және де жасөспірім балаларды суға жібермеулеріңізді сұраймыз.
Ал Ақмола облысының Целиноград ауданында бүгін 2 бала суға батып кетті. Қайғылы оқиға Қоянды ауылының маңында болған. Балалардың біреуі 2012 жылы туған. Ал екіншісі туралы ақпарат анықталып жатыр. Олар шомылуға арналмаған жерде суға түскен. Жаз басталғалы облыста 20 адам суға кетті. Оның 6-ы бала.
Дәуренбек Әбдібек