Мектептерде санитарлық талаптар күшейе түсті

06.08.2020

Еліміздегі мектептер оқушылардың өтініштерін электронды форматта қабылдай бастады. Министрлік шешіміне сәйкес, мектепте тек бастауыш сыныптар ғана ашылып, кезекші топтар жұмыс істейді. Оған қазірдің өзінде жарты млннан аса баланың баратыны белгілі болып отыр. Бұл көп емес пе? Коронавирус өршіп тұрған шақта қауіпсіздік жағы қалай болмақ?

Енді еліміздегі мектеп оқушылары білім алып қана қоймай, қатаң санитарлық тәртіпті сақтауы тиіс. Балалардың байланысын мейлінше азайту үшін қоңырау әр топқа әртүрлі соғылады. Мектептің кіре берісіне дезинфекциялау тунелі, төсеніштер орнатылмақ. Ал қол тазалайтын санитайзер ғимараттың бұрыш-бұрышында орналасу керек. Дәл қазіргі уақытта оқушыларға кітаптар үлестірілуде. Оның өзі кезек-кезекпен беріліп жатыр.

Биыл елордалық Дулат Нұрсұлтанұлы да бірінші сыныпқа барады. Бүгін кітаптарын алуға келді. Ата-анасының көңілі алаң. Денсаулық маңызды, бірақ, білім де керек.

Нұрсұлтан Еримбетов, ата-ана:

«Қолхат жаздық. Баланың денсаулығына алаңдаймыз. Мектептерде санитарлық талаптар сақталған түрде жүргізіледі деп жатыр. Сондықтан беріп жатырмыз. Бірінші сынып болғасын, қалыптасу қажет болғасын беріп жатырмыз.»

Тәуекелге бел буған ата-аналар, вирустан қорғанудың дағдыларын балаларға қазірден түсіндірген жөн дейді, ұстаздар. Ковидтен сақтанудың амалдары мектепте де балаларға түрлі көрнекілікпен көрсетілген. Жаңа талапқа сай, мұғалім кабинеттен шықпауы тиіс. Мектепте жиналыстар өткізуге тыйым салынбақ. Асханалар, шағын мектептерде ғана жұмыс істейді. Ондағы тамақтану орындары бейнекамералар арқылы бақыланбақ. Дәліздедерде қашықтық сақтай отырып, әжетханаға да бір оқушыдан кіру керек. Балалардың мектепке кіретін және шығатын есіктері бөлек болады. Сабақ ұзақ дегенде үш сағатқа созылады.

Сафура Түлекова, Нұр-Сұлтан қаласы №76-мектеп-лицейінің директоры:

«Бірінші сыныптардың 80-85 пайызы мектепте оқуды қалап отыр. Қалған сыныптардың 30 пайызы мектепте оқиды. Оқу жоспарында барлық пәндер оқытылмайды. Орыс тілі, ағылшын тілі, музыка көркем еңбек сияқты пәндепр қашықтант оқытылады.»

Ал мектептегі медициналық кабинеттер күшейтілген режимде жұмыс істейді. Егер оқушылар ауыра қалған жағдайда оқшаулайтын мынадай кабинеттер әзірленген. Мамандар, биыл да вирустық аурулардың өршитінін жоққа шығармайды.

Өйткені күз мезгілі жедел респираторлық вирустық аурулардың көбейетін кезеңі. Мәселен, өткен жылы науқастанғандардың 65 пайызы балалар болған. Сондықтан маусымдық ауру жылдағыша қайталанады. Сол кезде коронавирус те өршуі әбден мүмкін.

Айгүл Жұмағұлова, Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім жетекшісі:

«Әрине, мұғалім, дәрігер мектептің, күшейтілген санитарлық талаптарды орындаған кезде вирусты жұқтыру қаупі өте төмен болады.»

Жалпы, бүгінгі күнде елімізде коронавирус жұқтырған балалардың 2195-ке жеткен. Қазіргі таңда провизорлық ауруханаларда 144 бала ем алып жатыр. Қуанышқа орай, қайғылы жағдай тіркелген жоқ. Сала мамандары коронавирус балаларда жеңіл өтетін айтады. Дегенмен, арқаны кеңге салатын мезгіл емес. Бала денсаулығы қорғау, мектептен бөлек тікелей ата-ааның жауапкершілігінде.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу