Атырау облысында қауіпті індеттің беті қайтып келеді. Инфекцияға шалдыққан науқастардың 75 проценттен астамы вирусты жеңіп шықты. Медициналық мекемелерде де жоспарлы емдеу жұмысы қайта жанданды. Өңірдегі 2 мыңнан астам карантиндік орынның 1400-ден астамы жабылды және карантин талаптары жеңілдетілді.
Қатерлі инфекциямен күресте волонтерлердің де еңбегі орасан. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтауы оларға түсетін жүктемені азайтты. Бүгінде, емдеу орындарында қызмет еткен еріктілер өз жұмысын аяқтады.
Аманбек Қуанов, волонтер:
«Осы ауырып жатқан науқастарды фейзбук парақшасынан көріп қалып, жәрдем берейін деп келгенмін. Қазіргінауқастардың ахуалы бұрыңғыдай емес жақсы.»
Ауруханалардың жанынан ашылған 1170 инфекциялық орынның 870-і жабылды. Медициналық мекемелер жоспарлы емдеуді бастады. Бүгінде облыстық ауруханада науқастарды қабылдау үшін 200 орын дайындалуда.
Ербол Иманғалиев, Облыстық аурухананың бас дәрігері:
«Бұрын қабылдау бөлімшесіне тәулігіне ол кезде 60-қа жуық адам келген. Түсіп жатқан науқастардың саны азайды. Бірақ қазір түсіп жатқан науқастардың көпшілігі ауыр күйде түсіп жатыр облыстық ауруханаған.»
Қауіп әлі де бар. Жағдайға селқос қарағандар вирусты жұқтырып ауруханаға ауыр күйде түсіп жатыр.Карантин талабына бағынбай отбасылық шараларды өткізетіндер де азаяр емес. Соңғы 1 аптада үйіне той жасаған 8 тұрғын анықталған.
Бақытбек Хамза, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:
«Олардың барлығына ӘҚТК-тің 425 бабының 1 тармағына сәкес, әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 30 АЕК айыппұл салынды.»
Соңғы 1 айда карантин ережесін бұзған 1400-дей дерек тіркелді. Талапқа бағынбағандарға 40 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Жағдайды 114 мобильді топ бақылауда.
Жандос Темірғали