Оңтүстік Кореядан Қазақстанға ай сайын 5 миллиард теңге ақша аударылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Кореядан Қазақстанға ай сайын 5 миллиард теңге ақша аударылады

24.06.2019

Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс істеуге баратын қазақстандықтардың саны азаймай тұр. Қазір бұл елде он мыңдай отандасымыз зауыт, фабрикада, егістік пен өндірісте жұмыс істеп жүр. Сыртқы істер министрлігі мен Корея билігінің заңсыз мигранттармен күресі әзірге айтарлықтай нәтиже бермей тұр. Себебі, Қазақстанда  Кореядан жұмыс тауып береміз, шекарадан кедергісіз өткіземіз деген пысықай делдалдар мен компаниялар көбейіп кеткен.

 

Оңтүстік Кореядан Қазақстанға айына 5 миллиард теңгедей ақша аударылады. Бұл соманы сол елде заңсыз жұмыс істеп жүрген отандастарымыз жібереді.  Ақша аударымдары былтырғымен салыстырғанда 60 пайыздай артқан. Әсіресе теңгеге шаққанда доллар бағамы өскен соң қазақстандықтар бұл елге ағыла бастады.

 

Төлеген Тыныштыбаев, ҚР Ұлттық банкінің бас маманы:

 

Екінші деңгейлі банктердің мәліметі бойынша, сырттан Қазақстанға жеке тұлғалардан келіп түсетін ақшалардың көбі Ресейден және Оңтүстік Кореядан келеді.  Кореяға барлық аударымдардың 17 пайызы тиесілі. Теңгеге шаққанда биыл бес айда 26,5 миллиард теңге түскен.

 

Кореядағы қандастарымыздың бірімен «whatsApp» арқылы байланыстық. Аты-жөнін айтып, бет-бейнесін көрсеткісі келмеді. Барғанына бір жылдай болыпты. Оңтүстік  Кореядағы Олимпиада кезінде шекарадан кедергісіз өткен.

 

Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматы:

 

Бір жыл болды. Екі зауытты ауыстырып көрдім. Қазір үшінші зауытта жұмыс жасап жатырмын. Теңгеге шаққанда енді Қазақстанға 500 мың теңге жібересіз. Ал өзіңіздің бұл жақта тұратын жүретін шығыныңыз болады. Пәтер жалдап тұратын болсаңыз, 200 доллар айына төлеп тұрасың. Бұл үнемі солай деп ойламаңыз. Кейде жұмыс болмай қалады. Жұмыс істемеген күндерді есептегенде жоқ дегенде 2-3 айға кетіп қалады.

   

Бұл елде қазір 9996 қазақстандық мигрант жүр. Олар 20 мен 40 жас аралығындағы қыз-жігіттер. Былтыр 11 мыңдай болған. Яғни олардың саны бір жылда мың адамға азайған. 

Елге қайтып жатқандары да бар, жұмыс іздеп жаңадан барып жатқандары да жоқ емес. Кореяға жұмыс күшін жіберу кейбіреулердің кәсібіне айналған. Интернетте Кореяда жұмыс бар деген хабарламалар қаптап кетті. Ақысы да арзан емес.

 

Оңтүстік Кореяда жұмыс ұсынушы компания өкілі:             

 

Біздің қызметіміз 200 мың теңге, билетті өзіңіз аласыз. Біз сізге шекаралық бақылаудан өтуге көмектесеміз, яғни сізді турист ретінде таныстырамыз. Біз ресми компания ретінде сізбен келісім-шартқа отырамыз.

 

Мұндай пысықайлар тек телефонмен емес, Елорданың төрінен кеңсе ашып алып, адамдарды топ-топпен Кореяға жіберуді кәсіп қылған. Камераға түсіруге әрине рұқсат бермеді. Жасырын түсіруге тура келді.

 

Оңтүстік Кореяда жұмыс ұсынушы компания өкілі:

 

100 пайыз кепілдік беремін, сіз кеденнен өтесіз. Бірақ сіз өзіңізге сенімді болуыңыз керек. Мен өз жұмысыма қалай сенімді болсам, сіз де солай сенуіңіз керек. Мен сізден ақша алып, үлкен тәуекелге барамын. Ал сізде тәуекел аз. 

 

Мамандар мұндай компаниялардың жұмысы заңмен реттелмеген дейді. Ешкімді мәжбүрлемейді, екі елдің де заңнамасын бұзбайды. Ал оларды тексеру үшін зардап шеккен адамдардан арыз- шағым тусуі керек

 

Арман Саданова, ҚР ІІМ Миграция комитеті төрағасының орынбасары:

 

Бізге негізі ешқандай арыз түскен емес. «Осындай фирмадан бізді алдап кетті. Жарты жолда ақшамызды алып, ары қарай істемеді»,- деген.

-Түссе ғана тексересіздер ме?

-Түссе ғана тексеруі мүмкін.

 

Ең сорақысы Кореядан жұмыс ұсынатын компаниялар соңғы кездері ДЖИ-1 визасына өтініш беруді көбейткен. Бұл дегеніміз Корей билігінен саяси босқын мәртебесін сұрау. Мәселенің қалай өрбитінін уақыт көрсетеді.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу