Жалған ақпарат жарға жығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған ақпарат жарға жығады

07.06.2019

«Валюта құнсыздануы мүмкін» деген ақпаратқа сенгендер депозиттеріндегі ақшасын шешіп алып жатыр. Міне, әлеуметтік желілерде осындай ақпарат тарап кетті. Нақтырақ айтсақ, жазбаларда «қазақстандықтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарын жауып, дүрбелең басталды» деп көрсетілген. Алайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқармасының төрайымы бұл мәліметті жоққа шығарды.

Құнсыздану туралы қауесет желіде желдей есіп кетті. Ақпарат нанымды болу үшін хат-хабарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» кезек күткен адамдардың суреті де тіркелген. Алайда басқарма басшысы Ләззат Ыбрайымова бұл  мәліметті жоққа шығарып, банк күнделікті режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Ләззат Ыбрайымова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

Бүгінгі күннің сағат 15:00-ге дейін күллі ел аумағы бойынша бірде-бір депозит қолданыстан шығарылмады. Есесіне, осы күні қазақстандықтар жаңа 456 шот ашты. Ал 95 салымшы тұрғын үй займын алды. Кеше 279 займ берілген еді.

 

Айта кетейік, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» акционері Ұлттық «Бәйтерек» холдингі. Бұл «мемлекеттік жинақ қорына үкімет кепілдік беріп отыр» деген сөз. Сондықтан алып-қашпа сөзге сенуге де, алаңдауға да негіз жоқ, - дейді банк басшылығы. Ал теңге құнсыздануы мүмкін бе, жоқ па? Сауалдың жауабын сарапшылардан сұрап білдік. 

 

Сапарбай Жұбай, экономика ғылымдарының кандидаты:

Негізі, оны анықтайтын төлем балансы деген болады. Экспорт пен импорттың қарым-қатынасы, қызметтерден түсетін валюталардың ара-қатынасы бізде оң. Бұл яғни ағымдағы шот. Сондықтан ол оң болып тұрғанда ешқандай теңгенің төмендеуіне, құнсыздануына негіз жоқ. 

 

Расул Рысмамбетов, қаржы мәселелері бойынша кеңесші:

Менің ойымша, мұндай хат-хабарлар теңгеге қолдан жасалған қастандық. Біреуледің долларды қымбатырақ сату үшін істеп отырған әрекеті сияқты. Адамдардың ұлттық валютаға сенімін азайтып, өзінің қолындағы көк қағаздың құнын өсіріп алмақшы. Қазіргі экономикалық ахуал жақсы деп те айта алмаймыз. Алайда теңге күрт құлдилауы мүмкін деп ойламаймын. Өйткені үкімет пен ұлттық банк халықтың үмітін ақтауға барынша тырысады.

 

Ал атына кір келген «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» құқыққорғау органдарына арыз жазған. ІІМ жалған ақпарат таратқандардың кім екенін анықтап жатқанын хабарлады. Сондай-ақ ведомство, Қылмыстық кодекске сәйкес, бұл бап бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл, түзету жұмыстарына тарту, не 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.

Әлемуеттік желілерде тараған қауесетке қатысты бүгін Қазақстан банктері мәлімдеме жасады. Елдегі 9 банктың басшылары жағдайдың тұрақты екенін айтып, халықты дүрлікпеуге шақырды. Олар қаржы институттарының жүйелі түрде жұмыс істеп жатқанын және орталықтарда ешқандай кезектің жоқтығын хабарлады.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу