Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 300 млрд доллар инвестиция тартылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанға 300 млрд доллар инвестиция тартылған

17.05.2019

Ал былтыр елімізге құйылған қаржы 24 млрд долларды құрап отыр. Бұл – Орталық Азияға салынған инвестицияның 90 %-ы. Бұл туралы Жаһандық инвестициялар бойынша өтіп жатқан жиында Үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған дөңгелек үстелге биыл 41 елден 600-ге жуық шетелдік инвестор қатысып жатыр. Бизнес қауымдастық үшін маңызды жиын аясында 30-дан астам меморандумға қол қою көзделіп отыр.

Шараға АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Түркия, Үндістан, Сингапур, Корея мен БАӘ мемлекеттерінен келген алпауыт компаниялардың топ менеджерлері қатысты. Келіссөздер ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, металлургия, мұнай-газ химия және цифрландыру салалары бойынша жүргізілді. Премьер-министр шетелдік компанияларды Қазақстан нарығына шақырып, біздің елде бизнес құруға ең қолайлы шарттар ұсынатынын жеткізді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Қазақстан инвестициялық саясаттың маңызын ескере отырып, премьер-министрдің жұмысына инвестициялық омбудсмен міндетін жүктеді. Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңес инвестициялық жобаларды іске асыру процесі кезінде мәселе туындаса, соларды шешуге тырысады. Осылайша, жеке секторға негізделген экономикалық өсім қамтамасыз ететін модель құруды көздеп отырмыз.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу