Шенген аймағына 15 елдің азаматтары сапарлай алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шенген аймағына 15 елдің азаматтары сапарлай алады

01.07.2020

Бүгіннен бастап Шенген аймағының шекарасы ашылды. Енді 15 елдің азаматтары қарт құрлыққа сапарлай алады. Еуропалық кеңес бекіткен «қауіпсіз елдердің» тізімінде әзірге Қазақстан жоқ. Оған-елдегі эпидемиологиялық жағдайдың өршуі себеп. Жалпы, Шенген визасын жасатуға кімдер асығуы тиіс?

Шенген аймағына кіру үшін елде соңғы 14 күнде 100 мың адамға шаққанда індет жұқтырғандардың саны 16-дан аспауы тиіс. АҚШ, Бразилия, Түркия, Ресеймен бірге «қауіпті аймақта» әзірге Қазақстан да тұр. Бірақ, бұл қатып қалған тізім емес. Қарт құрлық мемлекеттері әр екі апта сайын үшінші елдердегі ахуалды саралап, тізімді жаңартып отырады.

«Бәрінен де АҚШ-қа қойылған шектеу алынып тасталса»,-дейді Еуропадағы туризм саласының өкілдері. Себебі, бір ғана Брюссельдің өзіне жылына 300 мың америкалық саяхаттап, әрқайсысынан тәулігіне 400 евро табыс түсіп келген. Мұндай «қалталы клиенттен» бас тарту-туризмге балта шабумен пара-пар- деп отыр, сала мамандары. АҚШ қауіпсіз елдердің жаңа тізіміне ене ме? Ол енді екі аптадан кейін белгілі болады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу