Президент Мәскеуде өткен әскери парадқа қатысты

28.06.2020

Осы аптада фашизмді жеңудің 75 жылдығына орай Ресейде парадтар өткені, негізгі әскери парад Мәскеудің Қызыл алаңында өткені, оған Қазақстан Президент Қ.Тоқаевтың қатысқаны мәлім. Жұрт оның георгий лентасын тақпағанын және қазақстандық десанттар өткенде орнынан тұрып қошемет көрсеткенін атап өтті.

Мәскеудің бұл парадты өткізу мақсатын тарқатып жатқымыз жоқ. Оның саяси астарлары түсінікті. Тек аптаның бейсенбісінде конституциясына өзгерістер енгізіп – енгізбеуді шешетін референдум басталғанына қысқаша тоқталсақ. «Шешетін» деп сыпайылап та тұрғымыз келмейді. Шыны - формальді шара. Және бір ғана мәселе үшін екенін либералдар ашық, салқын ақылға салатын қалыпты адамдар асханада айтады.

2024 жылы президенттік мерзімі аяқталғасын, қазіргі конституция бойынша қайта сайлана алмайтын Путиннің қайта сайлауға түсе алуын қамтамасыз ететін түзету. Коронавирус эпидемиясына байланысты онлайн да дауыс беруге болады. «Дождь» телеарнасының журналисі Павел Лобков өзі барып та, онлайн да дауыс беріп, яғни екі рет дауыс беріп бұл референдумның «ерекшелегін» дәлелдеп берді. Полиция қылмыстық іс қозғауға асық... Сонымен бірге орыс шенеуніктері көп адам қатысты деген есеп маңызды болғасын жұртшылықты еліктіру үшін пәтерге дейін қойып, сайлау учаскелерінде лотерея ойнатып жатыр.

Айтпақшы, Қырғыз президенті Сооронбай Жиенбеков Мәскеуге ұшып барса да, шеруге қатыса алмады. Өйткені онымен келген қырғыз делегациясының екі мүшесі COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы тек Ресейде тест тапсырғанда белгілі болған. Енді Жиенбеков екі апталық карантинге кетті. Ал Сооронбай Жиенбековтің президент болуына бар күшін салған, «ізбасарым» деп арқасынан қаққан Қырғыз республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев «Жемқорлық» айыбымен 11 жыл екі айға сотталды. Сот үкімінде мал-мүлкін кәмпескелеп, мемлекеттік марапаттарынан айыру туралы да жазылған.


Хабарламаларға жазылу