NASA-ның бас штаб-пәтеріне қара нәсілді әйелдің аты берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

NASA-ның бас штаб-пәтеріне қара нәсілді әйелдің аты берілді

26.06.2020
NASA-ның бас штаб-пәтеріне қара нәсілді әйелдің аты берілді

Ұлттық аэронавтика және ғарышты зерттеу басқармасының бас кеңсесіне Мэри Джексон есімі берілді. Ол орталықта инженерлік қызметте болған алғашқы қара нәсілді әйел.

Мэри Джексон NASA-да 34 жыл жұмыс істеген. 1951 жылы «математик-зерттеуші» қызметіне қабылданып, 1958 жылдан бастап инженер лауазымына тағайындалды. Бірақ бұл қызметте жұмыс істеу үшін математика магистрі ғылыми атағы керек болғандықтан, Мэри Джексон 2 жыл бойы нәсілшілдік пен дискриминация оты лаулап тұрған Вирджиния штатының универститетінде білім алды.

«Біз NASA-ның дамуына үлес қосқан әйелдерге, афроамерикалықтарға және ұлтына қарамай, кез-келген адамға құрмет көрсетуге дайынбыз. Мэри Джексон сол кезеңдегі көптеген тосқауылдарды бұзып, афроамерикалықтар үшін ғана емес, жалпы әйелдердің болашағы үшін үлкен өзгеріс әкелді»,- дейді NASA басшысы Джим Брайденстайн.

Мэри Джексон 2005 жылы 84 жасында дүниеден озды. Ал 2019 жылы АҚШ-тағы ең жоғарғы азаматтық награда Конгресстің «Алтын медалімен» марапатталды.


Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Голливудта өткен ғасырдың 50-ші жылдары NASA құрамында Мэри Джексонмен бірге қызмет еткен афроамерикалық әйелдер туралы «Жасырын фигуралар» кинотуындысы жарық көрген болатын.

BBC


Хабарламаларға жазылу