Ал кәрі құрлықта Норвегияны азат ету жолында мерт болған Кеңес сарбаздарына құрмет көрсетілді. Елдің Лиллехаммер қаласындағы әскери зиратқа жерленген мыңдаған Кеңес жауынгерлерінің арасында бес қазақстандық та бар. Алматы облысы, Қостанай мен Оралда дүниеге келген жерлестеріміз Скандинав жерінде ажал құшқан. Сарбаздардың құрметіне орнатылған ескерткішке еліміздің Норвегиядағы елшісі Еркін Ахынжанов, Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов, Норвегия үкіметінің өкілдері мен депутаттар гүл шоқтарын қойып, батырлардың рухына тағзым етті. Елшілік ұжымы Скандинав елін азат ету жолында қаза тапқан 44 қазақстандық сарбаздың аты-жөнін биыл анықтаған болатын. Шайқаста және тұтқындар лагерінде қаза болған жерлестеріміздің есімін анықтау жұмыстары әлі де жалғасады. Жалпы, Норвегияда 15 мыңнан астам Кеңес жауынгері мерт болған.
Чехияның Оржехов қаласында да Кеңес жауынгерлерінің құрметіне 10 мемориалдық тақта ашылды. Әр тақтаға сұм соғыста Чехия жерінде мерт болған 1250 Кеңес сарбазының есімі жазылған. Бауырластар зиратына жерленгендердің аты-жөні осы уақытқа дейін белгісіз болған. «Братиславо-Брно» шабуылдау операциясы кезінде шейіт болғандардың арасында 37 қазақстандық сарбаз бар. Еліміздің Чехиядағы елшілігінің ұжымы мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысып, батырлардың рухына тағзым етті.
Нұрсұлу ҚАСЫМ