Қазақстанда қарапайым заттар экономикасы мен халық тұтынатын тауарлар кеңінен игерілетін болды. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді. Қазіргі уақытта жеңіл және жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын дамытудың жол картасы бекітілген.
Жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай тізімге енген барлық 365 өнімнің өндіріс көлемі 2,4 есеге ұлғайып, нарықтағы импорттың үлесі 59-дан 37 пайызға дейін төмендейді. Оның басым бөлігі азық-түлік саласына тиесілі.
Осы ретте Үкімет тарапынан шикізатпен қамтамасыз етуде жоғары маржиналдық өнімдерді өндіру үшін қажетті шикізат базасын дамыту шаралары қарастырылған: жеңіл өнеркәсіпте мақта, жүн өңдеу, жасанды және синтетикалық материалдарды өндіруді ынталандыру. Осы бағытта 600 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Құрылыс материалдары бойынша еліміздің шикізат әлеуетін талдау жоғары сапалы өнімдер өндіру үшін жүргізілетін болады. Сонымен қатар, ішкі нарықты қорғау үшін кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу құралдарын жетілдіру жоспарланып отыр. Осы салалардың өнімдерін сатуды ұлғайту үшін және қолданыстағы кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында реттелетін сатып алуларда қазақстандық қамту үлесін жыл сайын 20 пайыздық тармаққа ұлғайту ұсынылады.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ