Бельгиялық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиялық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниетті

25.02.2019

Бизнес өкілдері ынта-ықыластарын Брюссельде өткен басқосу кезінде жеткізді. Қазір елімізде Бельгия капиталының қатысуымен 72 компания жұмыс істеп жатыр. Дені мұнай және газ, құрылыс, көлік, медицина салаларында. Ынтымақтың көкжиегін кеңейту үшін маусым айында қалталылар қазақ еліне сапарлайды.

Сапар алдында еліміздің Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан бизнес өкілдеріне ел экономикасындағы жетістіктер мен инвестициялық мүмкіндіктер жайын баяндап, қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды. Жалпы, екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 41 пайызға артып, 374 млн долларға жетті. Қазақстаннан Бельгияға экспорт көлемі де екі есеге ұлғайған. Шетелдік инвесторларға «Kazakh Invest» компаниясы да қолдан келген көмекті көрсетуге әзір.

Айнұр Тумышева, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының елдік менеджері:

- Біздің мақсатымыз - мемлекет тарапынан бельгиялық мекемелерге бүкіл инвестициялы ахуал туралы мәліметті жеткізу. Сонымен қатар, инвестициялық жобалар туралы айту.

Доминик Турнер, Экспорт және шетелдік инвестиция бойынша Валлония агенттігі бас директорының орынбасары:

- Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын және елдеріңіздегі шетелдік бизнес үшін мол мүмкіндік бар екенін жақсы білеміз. Кәсіпкерлеріміз соны өз көздерімен көрсін деп Алматы мен Астанаға бармақпыз. Негізі барлық сала бойынша қатынасты арттыруға ынталымыз. Әсіресе, энергияның баламалы көздерін дамыту бойынша байланысты күшейткіміз келеді. Маусымдағы сапар барысында нақты жобаларды бекітеміз деген үміттеміз.

 Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу