Түркістан облысында сыныптастарымен бірге тауға демалуға барған мектеп оқушысы құздан құлап мерт болды. 17 жасар жасөспірімнің денесі түнгі сағат екілер шамасында табылды. Ал оның қасында болған екі оқушыны құтқарушылар тау- тастың арасынан әрең дегенде төменге түсіріп алды. Бұл жұмыстарға төтенше жағдай қызметінің 11 техникасы мен 33 қызметкер жұмылдырылды.
Кеше кешкісін тау жотасына өрмелеген үш жасөсіпрім сыныптастар тобынан озып, шыңның ұшар басына көтерілген. Қайтар жолда ымырт түсіп, жолдан сол бойы адасып қалған. Сөйтіп жүргенде алдындағы жарды байқамай біреуі 50 метр шыңырауға құлап кеткен.
Қайғылы жағдайға тап болған топ — Сарыағаш ауданы Ақжар ауылындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары. Біркөлік шатқалына демалу үшін барған 22 оқушының қасында оқытушы мен көлік жүргізушісі болған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғаушылар балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде міндеттерді дұрыс орындамау бабы бойынша сотқа дейінге тергеу жұмыстары басталды.
Ғани ҚАЛМАХАН