Елге індет дендегелі ауылға қайтқан студенттер онлайн оқуға қосыла алмай отыр. Мобильді интернет желісін ұстау үшін тамның төбесіне шығып, әбден әбігерге түседі.
Жалпы өңірде 230-дан аса елді мекен болса, соның 89-ы 3G, 4G секілді жоғары мобильді интернетке қосылмаған. Яғни ұялы байланыс деген аты болмаса, ауыл тұрғындары сматрфон арқылы ғаламтор желісін пайдалана алмай отыр. Бұл мәселе жергілікті биліктің назарында. Бірақ оны шешу әкімдіктің емес, тікелей салаға қарасты министрліктің құзырында.
Еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл республика бойынша 928 ауыл 3G, 4G жоғары мобильді интернетіне қосылатынын жариялады. Бұл тізімге Сыр өңірінен 30 елді мекен енген. Ал байланыс аясынан тыс қалған тағы 50-ден аса ауыл өз кезегін күтуіне тура келеді.
Әділбек СЕРІКҰЛЫ