Елорда әкімі тұрғындарды отбасылық жиындар мен қонаққа барудан бас тартуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда әкімі тұрғындарды отбасылық жиындар мен қонаққа барудан бас тартуға шақырды

15.06.2020
Елорда әкімі тұрғындарды отбасылық жиындар мен қонаққа барудан бас тартуға шақырды

Алтай Көлгінов елордалықтарға тағы да үндеу жасады.

«Эпидемиологиялық жағдай мен өтініш білдірушілер санының артуын ескере отырып, коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі қалалық шұғыл әрекет ету штабында бірқатар мәселелер қаралды», - деп хабарлады қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында. 

«Бірінші, COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар үшін қосымша 400 провизорлық орын ашылды. Оның ішінде, стационарлар базасында инфаркт, инсульт, қант диабеті бар (КВИ-ға күдігі бар) адамдарға арналған жеке орындар анықталды. Бұған дейін пневмония мен ОРВИ бар емделушілер үшін жеке корпустар ашылған болатын. Оларды коронавирусқа қосымша тексереді. Бұл инфекцияны ертерек анықтауға мүмкіндік берді. 

Екінші, қалалық және жекеменшік емханалардың бас дәрігерлерімен, стационарлардың, талдау-орталықтарының басшыларымен және қаланың бас санитарлық дәрігерімен онлайн-кездесуден кейін коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларын емдеу үшін телемедицинаға көшу туралы шешім қабылданды. Медицина қызметкерлері бейнеқоңыраулар және басқа да байланыс арналары арқылы тұрғындардың денсаулық жағдайын қадағалайды, коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларына барлық мәселелер бойынша кеңес береді. Науқастарда симптомдар пайда болған жағдайда олар ауруханаға жатқызылады. 

Үшінші, шетелден ұшып келген әуе жолаушыларын оқшаулау тәжірибесі жалғасады. «Рамада Плаза» қонақүйінде медстационарға жабдықталған нөмірлер дайындалды. 

Төртінші, ұйымдар қызметкерлерді қашықтан жұмыс жасау режиміне барынша көшіруі қажет. Қызметі рұқсат етілген ұйымдар санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын бақылауы керек. COVID-19 жұқтырғандардың жартысы әртүрлі ұжымдар. Күн сайын әкімдіктің мобильді тобы полиция қызметкерлерімен, санитарлық дәрігерлермен, волонтерлермен бірлесіп рейдтер жүргізіп жатыр. Тәртіпбұзушылық болған жағдайда нысандар жабылады. 

Бесінші, қала тұрғындары санитария нормаларын қатаң сақтауы қажет. Маска киіп (әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде), мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармай, антисептик пайдаланып, ара қашықтық сақтаған жөн. Отбасылық жиындар мен қонаққа барудан, үлкен топпен жиналудан бас тарту қажет. Сақтық шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақындарыңызды қауіпсіз ете аласыз. Қалада отбасылық ошақтар тіркеліп отыр, яғни бір отбасының барлық мүшелері індетті жұқтырған», - деп жазды елорда әкімі. 

Хабарламаларға жазылу