Мемлекет елді емдеуге тырысса «бұлардікі өтірік, ауырмаған адамды ауырған деп тіркейді» деген айыптың астында қалады. Бір емес бірнеше рет естідік. Төтенше жағдай режимі енгізілгенде де елемеген ел аз болмады, карантин дегенді естігенде «еріккеннің ермегі бұлардікі, коронавирус былай еткенде жұғады, былай еткенде жұқпайды» деп сынаған тырнақшаның ішіндегі «эпидемиологтар» қаптап кеткен еді. Хош, бізде биліктің қылған қарекетін көзімен көріп тұрса да желіге желімдей жабысып жұртты желіктіріп, айдаладан тапқан ақиқат емес ақпаратты айналаға айтып ұпай жинайтын пысықайлар көбейді. Өкінішті солардікі дұрыс ау деп ұрандатып кететін азаматтарда аз емес. Бірақ ағайын айыпты емес, ел естігеніне сенуге бейім. Айып жауапкершілікті сезінбей арзан атақ үшін тексерілмеген ақпаратты тебініп айтатын пысықтардың мойнында. Осындайда қауіпті дертпен күрескен мамандарға жаның ашиды, олар коронавируспен бір, бар ауруды жоқ деп, ағашты темір деп жеңуге тырысатын пысықтармен және бір арпалысуға мәжбүр. Біз жабық аралда тұрып жатқанымыз жоқ, сондықтан айналаға бір көз салайық. Алысқа бармай іргедегі Ресейді көрейік. Адамдары жылап жатыр, «емдемеді, есіктің алдына әкеліп тастап кетті, мыңдаған рубльге дәріні өзіміз сатып алып ішуге мәжбүрміз» деп. Сенбейтіндер болса қазір көрсетеміз. Ағайын, ауру адам таңдамайды, одан сақтанғанды ғана сақтайды.
Индира БЕГАЙДАР