Қазақстанда коронавирустан тағы 4 адам қайтыс болды. Павлодар облысында дерттен көз жұмған 58 жастағы ер адам туберкулезге қарсы диспансердің есебінде тұрған. Ол 29 мамыр күні денсаулығына шағымданып, дәрігерге көрінген. 3 маусым күні тапсырған тесті оң нәтиже көрсетеді. Кеше науқас аурудан айыға алмай көз жұмды. Сондай-ақ Ақтау қаласында 1966 жылғы ер адам вирустан қайтыс болды. Дерт 30 мамыр күні анықталған. Содан бері аурумен күрескенімен, кеше науқастың жүрегі тоқтаған. Жалпы, марқұмда пневмонияның ауыр түрі мен қант диабеті болған. Ал Түркістан облысында Covid-19 дертінен 1962 және 1948 жылғы екі ер адам көз жұмды. 58 жастағы азамат Леңгір қаласының тұрғыны. 10 күндей өзі емделген. Тек кеше ғана ауруханаға жеткізіліп, сонда қайтыс болған.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ