Қазақстанда жылдық инфляция 6,7 пайызды құрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жылдық инфляция 6,7 пайызды құрады

09.06.2020
Қазақстанда жылдық инфляция 6,7 пайызды құрады

Қазақстанда жылдық инфляция 4-6 пайыздық нысаналы дәлізден асып, 6,7 пайызға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті.

«Биыл мамыр айында жылдық инфляция 2020 жылға арналған 4-6% нысаналы дәлізден жоғары қалыптасып, 6,7% болды. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 10,7%-ға дейін жылдамдады. Бұл 2016 жылғы қазаннан бастап ең жоғары көрсеткіш», - деді Ұлттық банк төрағасы. 

Ерболат Досаевтың мәліметіне сәйкес айлық өсім жоғары болып қалғанымен, жекелеген азық-түлік өнімдері бағасының өсу қарқыны тұрақталған. Азық-түлікке жатпайтын тауар бағасының жылдық өсімі жанар-жағармай бағасының (бензин мен дизель отыны 0,7%-ға) төмендеуінен 5,3%-ға дейін бәсеңдеген. 

«Ақылы қызметтің жылдық инфляциясы бір айда төтенше жағдайда реттелетін коммуналдық қызмет тарифтерінің уақытша азаюынан 3,5%-дан 3,0%-ға дейін төмендеді. Биыл мамырда тарифтер 3%-ға, жылдық көрсету бойынша 1,9%-ға төмендеді. Біздің бағалауымыз бойынша, биыл жылдық инфляция 4-6%-дық нысаналы дәлізден жоғары қалыптасады. Ал Brent маркалы мұнайдың бір баррелі үшін 35-40 АҚШ долларын көздейтін базалық сценарийге сәйкес 8,0-8,5% болады. 2021 жылы айырбастау бағамының ішкі бағаларға ауысу нәтижесінің аяқталуына және ішкі экономикадағы жағдайдың тұрақтануына қарай жылдық инфляция нысаналы дәліздің жоғары шегіне біртіндеп бәсеңдейді», - деді ол.


Хабарламаларға жазылу