Атырауда газ құю бекетіндегі жойқын жарылыстан 4 адам жараланды

05.06.2020

Атырау қаласының газ құю бекетіндегі жойқын жарылыс, қызметкерлердің салғырттығынан болуы мүмкін. Оқиға орнында тексеріс жүргізіп жатқан мамандардың болжамы осы. Құзырлы орган өкілдері стансада негізгі талаптардың орындалмағанын айтады. Бірақ бұл ақырғы шешім емес. Зерттеу әлі жалғасады.

Өрт сөндірушілер келген бойда лапылдаған жалын күш бермей, жарылыс болды. Сол сәтте, 4 адам қызыл оттың ортасында қалған. Екеуінің жағдайы өте ауыр. Реанимацияда жатыр.

Дүмпудің толқыны 70 метр қашықтықтағы нысанның қабырғасын қақыратып, стансаның күлін көкке ұшырды.

Оттың неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Бірақ оқиға орнында зерттеу жүргізіп жатқан мамандар, цистернадан газ кетіп жарылысқа ұласқан деп отыр.

Келген шығын есептелуде. Жарылыс болған аумақта құзырлы орган өкілдері жұмыс істеп жатыр.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу