Бүгін — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл датаға орай, Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев үндеу жариялады. Онда былай деген:
«100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, әйелдері мен балалары қамалды. Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды.
Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз».