Қазақстанда баспана алуға мүмкіндік беретін қандай бағдарламалар бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда баспана алуға мүмкіндік беретін қандай бағдарламалар бар?

23.05.2020

Тақырыпты тағы да тәптіштеп түсіндіру үшін дәстүрлі студияны қалдырып тысқа шықтық. «Ойдағы үй — селдікі, Өрдегі үй — желдікі, Жазықтағы үй — елдікі» дейді қазақ. Баспанаға қолы жетпей қамкөңіл боп қалған қарапайым қараша елдікін ғана тілемей, кейде селдікі мен желдікін берсе де әйтеуір әупірімдеп ретке келтіріп алармыз деп ойлайтындай көрінеді маған. Өйткені, Қазақстанның қай өңіріне барсаңызда міне дәл осылай бір сәтке дамылдамай салынып жатқан құрылысты көресіз. Бұл тек бас қаладағы көрініс емес. Бірақ үйге қолы жетпей пұшайман болған ағайынның саны азаймай отыр. Қайтпек керек деген сауалға, жалқы ғана жауап бар. Салу керек, оны халық алу керек. Әрине ешкім тегін сұрамас, тек пайызы жұрттың желкесін қиып түсердей ауыр болмаса екен деген тілек бар елде. Обалы не керек, ондаған бағдарлама бар. Жеңілдікпен берілетін үйлер, арнайы кезектер тағысын тағы. Кейде соны құнттап қарамай, берде-бер деп ашуға булығатынымызды да мойындау керек. Бірақ баспана мәселесі олай оңай шешіле қалмайды. Біздің мақсат тек біреуді даттап, болмаса біреуді ақтау емес. Ағайынға керек десе, кеңес беру. Ендеше қағаз қаламыңызды дайындап отырыңыз.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу