Қазақстан мен Әзірбайжан мұнай-газ саласында ортақ жоба жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен екі елдің үкіметаралық отырысында белгілі болды. Осымен 15-ші рет жиналған қос мемлекеттің Энергетика министрлері жақын болашақта Маңғыстау облысында зауыт салуға келісті. Сондай-ақ, екі елдің басқа да салалардағы ынтымақтастығы артпақ. Ал, сауда айналымы қазірдің өзінде жақсы нәтиже беріп отыр.
Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы сауда айналымы осы жылдың 8 айында 2 есеге өсіп, 168 млн. долларға жетті. Алыс-беріс көрсеткішінің өсуіне Әзірбайжанның қазақ астығын қайта сатып ала бастауы оң әсерін беріп отыр. Жалпы, биыл екі елдің экспорты мен импорты артып, барлық бағыттағы әріптестігі нығая түсті. Қазақстан көрші ел үшін ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдайтын басты серіктестердің бірі болса, Әзірбайжан бізге мұнай-кен орындары үшін қажет құрал-жабдықты жібереді.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Машина жасау саласының өнімдері және метал өнімдері, «Тэнгиз» кеңейту жобасына қатысы бар өнімдер бері жаққа келіп отыр. Құбырлар келіп жатыр. Олар Батыс Қазақстандағы кен орындарында қолданылып жатыр. Әзірбайжанда мұнай-машина жасау саласы өте дамыған. Бізде әлі дамып жатыр. Сондықтан, олардың тәжірибесін пайдаланып, инвестиция тарту ретінде тиісті зауыттарды Маңғыстау облысында салу көзделіп отыр.
Кешегі мен бүгінгі еңбектің жемісі ертеңгі жоспарларға демеу болмақ. Алға қойылған мақсат – сауда айналымының көрсеткішін одан әрі ұлғайтып, жаңа ортақ жобаларды іске қосу. Қос мұнайлы ел басқа бағыттарды да қатар алып жүреді. Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық жалғасын тауып қана қоймай, кеңейе түседі. Туризм саласында да оң өзгерістер болуы мүмкін.
Пярвиз Шахбазов, Әзірбайжан Энергетика министрі:
- Басқа салалардан бөлек, біз туризм бағытын дамыту жолдарын қарастырдық. Мәселен, Каспий теңізінің бойымен жаңа круиздар жасау, сондай-ақ, екі ел арасындағы виза беру рәсімін жеңілдету сынды мәселелерді талқыладық. Жалпы, қос мемлекеттің әріптестігі кез келген салада қарқынды дамып келеді. Сондықтан, көтерілетін мәселе де, атқарылатын шаруа да аз емес.
Екі елдің Энергетика министрлері сөз жүзіндегі келісімдерін қағазда да бекітті. 15-ші үкіметаралық отырыста бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Демек, Қазақстан-Әзірбайжан әріптестігінің әлеуеті артып, көп ұзамай ортақ жаңа жобалар жүзеге асырылады.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.