Сыр өңірінде күріш алқабы 7 мың гектарға қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде күріш алқабы 7 мың гектарға қысқарды

21.05.2020

Биыл Қызылорда облысында күріштік алқап көлемі 7 мың гектарға қысқарады. Себебі жазда Сырдарияда су тапшылығы болуы мүмкін. Тәуекелге бел буған диқандар соның өзінде 81 мың гектар жерге аймақтың басты дақылын екпекші. Бірақ ертеңгі күні егістікке су жете ме? Шаруаларды осы мәселе алаңдатып отыр.

Жалпы күріштіктің әр гектарын баптап, өсіру үшін шамамен 300 мың теңге шығын кетеді. Яғни егін бітік шықпаса, сырбойылық диқандар белшеден қарызға батады. Жағдайды бағамдаған ауыл шаруашылығы басқармасы егіс көлемін 7 мың гектарға қысқартуды шешті. Дегенмен, соның өзінде 81 мың гектар алқапқа жазда су жеткізу оңайға соқпайын деп тұр.

Әзірге аймақ шекарасына келіп жатқан су жеткілікті. Бірақ өзеннің жағдайы ертеңгі күні не болатынын дөп басып ешкім айта алмайды. Анығы, Сырдың суына келгенде дарияның жоғары сағасындағы Қырғызстан мен Өзбекстанға тәуелді болып тұрмыз.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу