ХҚКО-ға барудың жаңа тәртібі жарияланды

21.05.2020
ХҚКО-ға барудың жаңа тәртібі жарияланды

Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың жаңа тәртібі жарияланды.

Қазақстанда ресми түрде төтенше жағдай тәртібі аяқталды. Бұған қарамастан, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін көптеген аймақта карантин шаралары жалғасуда. Пандемия жағдайында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ХҚКО ғимараттарында азаматтардың көп жиналып қалмауын және вирус жұқтыру ықтималдығын азайтуға мүмкіндік беретін бірқатар нақты шара қабылдады.

ХҚКО жұмысының жаңа форматы 

Енді қазақстандықтар ХҚКО-да электронды форматта қолжетімсіз, қағаз нұсқасында қызметтерді ғана ала алады. Бұл шамамен 100 мемлекеттік қызмет, оларды алу үшін ХҚКО-ға бару қажет. Сондай-ақ ХҚКО-дан egov.kz порталы арқылы онлайн түрде рәсімделген қызметтердің дайын нәтижесін алуға болады. 

ХҚКО-ға енді алдын ала брондау арқылы ғана баруға болады. Айта кету керек, өзгерістер тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында орналасқан ХҚКО-ларды қамтиды. Аудан орталықтарында және ауылды елді мекендерде орналасқан ХҚКО-лар бұрынғыдай жұмыс істейтін болады. 

ХҚКО-лар қайта іске қосылған аймақтар 

20 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда аймақтық штабтардың рұқсатымен 10 өңірдің ХҚКО-лары толығымен жұмыс істейді бастады, бұлар – Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары. 

Алматы, Шымкент, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің шешімімен аталған өңірлерде тек бизнес өкілдеріне қызмет көрсететін ХҚО-лар ашылды. Жамбыл облысындағы ХҚКО-лар әлі жұмыс істемейді. 

Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке тапсырыс беру 

Халыққа қызмет көрсету орталығына барарда кезек уақытына тапсырыс беру үшін egov.kz электронды үкімет порталын, eGovKzBot2.0 телеграм-ботын пайдаланып немесе 1414 нөміріне қоңырау шалуға болады (қоңырау шалу тегін). 

Бронь қызмет алушының ЖСН-ын тіркеу арқылы жасалады. Егер азамат халыққа қызмет көрсету орталығына баратын уақытын алдын ала белгілемесе, кезекті сол жерде брондау ұсынылады. Алайда қабылдау дәл сол уақытта болатынына кепілдік берілмейді. Бұл жағдайда азамат өзге бос уақытқа кезекке тапсырыс беруі керек болады. 

Электронды қызметтерді алудағы көмек 

Egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын қазақстандықтар өз үйінен немесе кеңседен ала алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса болғаны. Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ны да egov.kz порталында алуға мүмкіндік бар. 

Сондай-ақ кейбір қызметтер мен сервистерді ЭЦҚ-сыз, бір реттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. 

Қызметтерді онлайн алу бойынша сұрақ туындаған жағдайда қазақстандықтар 1414 Бірыңғай байланыс орталығының немесе порталдағы виртуалды ассистенттің көмегіне жүгіне алады.

Енді операторлар қазақстандықтарға egov.kz порталындағы бейнеқоңырау арқылы тікелей кеңес бере алады. Ол үшін парақшаның оң жақ төменгі бұрышындағы «Виртуалды ассистент» батырмасын басу қажет. Ашылған терезеден бейнекамераның белгісін таңдаңыз. Одан әрі жүйе видеокамераның және микрофонның қосылуына рұқсат сұрайды – «рұқсат ету» қажет. 

ХҚКО операторы клиентпен бірнеше секунд ішінде байланысқа шығады. Осыдан кейін «Экранды көрсету», әрі қарай «бөлісу» батырмаларын басу керек. Осылайша, ХҚО бейнеоператоры абонент мониторын көре алады және оған кез келген қызметті жылдам алуға көмектеседі. 

Egov бұрыштары 

Сонымен қатар, компьютері немесе интернетке шығу мүмкіндігі жоқ жоқ қазақстандықтар үшін ХҚКО ғимараттарынан бөлек, 328 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Олар аудандық әкімдіктердің ғимараттарында, оқу орындарында, медицина ұйымдарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында және т. б. нысандарда орналасқан. 

Алдағы уақытта мұндай бұрыштар саны тек артатын болады. Үш санаттағы азаматтар – зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар электрондық қызметтерді ХҚКО-ның жеңілдік терезесі арқылы ала алады.


Хабарламаларға жазылу