Беларусьқа біз неге мұнай экспорттамаймыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беларусьқа біз неге мұнай экспорттамаймыз?

19.05.2020

Америка Белоруссияға мұнай тасымалдауды бастады. Алғашқы танкер АҚШ-тың Техас штатынан жөнелтілді. Шикі мұнай тиелген су көлігі Литваның Клайпед портына келіп тоқтайды. Одан әрі вагондарға құйылып, «Белнефтехим» зауытына жеткізіледі. Баршаңызға мәлім, Белорусиия жыл басында баға мәселесінде Ресеймен ортақ мәмілеге келе алмаған. Ақыры қуат көзінің баламасын АҚШ-тан тапты. АҚШ тарапы айтқанын екі етпеді. «Белнефтехим» зауытына керекті мұнайды келісілген уақытта Техастан тиеп жіберді. Осы тұста қара алтынды оңды-солды қазып жатқан Қазақстаннан неге алмады деген заңды сауал туындайды.

Жалпы Қазақстан Белоруссияға бұған дейін бір грамм мұнай сатқан емес. Мәскеумен келісе алмаған Минскінің ресми өкілдері жыл басында Қазақстанға бір-екі мәрте келіп-кеткен-ді. Бірақ біздегі компаниялармен келісе алмаған. Экспорттың тұтқасын ұстаған мықтылар есігін айқара ашпаған. Қысқасы, орыс та, қазақ та Белоруске мұнай сату тиімсіз деп есептеген. Себебі Беларусь одақтастардан алған мұнайды өздері өңдеп, әрі қарай Еуропаға екі еселеп саудалуы ортақ нарықтың талаптарына қайшы. Дегенмен, осы саланың астарын ақтарып жүрген айтқыштардың сөзіне қарағанда, Белорусьтың мұнай мәселесінде әзірге таңдауы көп. Себебі қара алтынның құны ай сайын емес, күн сайын емес, сағат сайын құбылып тұр. Ең дұрысы, құнсызданып, құлдырап барады. Ал бұл өндіруші үшін үлкен шығын, тұтынушы үшін мүмкіндік.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу