Алматыда карантин кезінде заңсыз жұмыс істеген ойынхана анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда карантин кезінде заңсыз жұмыс істеген ойынхана анықталды

13.05.2020

Құмар ойынның ұйымдастырушылары мен қатысушылары және қызмет көрсетушілер «Нұрлы Тау» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде ұсталды. 

Тінту барысында покер ойынының кейсі, ойын карталары, фишкалар және ақша тәркіленген. Астыртын ойынханаға ұйымдастырушылар тек тексерілген клиенттерді ғана кіргізіп отырған. 

Сол күні ойынханада болған азаматтар, төтенше жағдай ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бұл туралы Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті хабарлады. 

Еске салайық, «Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес ойынхана және ойын автоматтарының қызметін, Қапшағай мен Щучье қалаларында ғана ұйымдастыруға рұқсат етілген. Басқа аумақтарда ойын бизнесін ұйымдастыруға заңмен тыйым салынған.

Ербол Мәндібек

Хабарламаларға жазылу