Елордада карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 50 пайызға артқан. Бұл туралы Жергілікті полиция басқармасы Әйелдерді әлімжеттіктен қорғау тобының өкілі хабарлады. Жедел басқару орталығына түсетін қоңыраулар да көбейген. Бұрын 102 нөміріне күнделікті 20-30 адам хабарласса, қазір 50-ге жуықтады. Қоңырау шалатындардың дені отбасындағы жанжалдарға шағымданады. Жалпы, карантин басталғалы бері полицейлер екі мыңдай отбасына барған. 700-ге тарта әйелге қорғау нұсқамасы табысталды. Егер күйеулері бір ай ішінде тағы қол көтеріп, не қысым көрсетсе, оларға шара қолданылады. Бұл күндері дағдарыс орталықтарынан көмек сұрайтындар қатары да артқан. Нұр-Сұлтанда 12 келіншек осындай орталықтан пана тапты. БҰҰ-ң Қазақстандағы өкілдері де карантин уақытында отбасылық жанжалдар мен жедел желілерге қоңыраулардың артқанын анықтаған. Ұйым жүргізген жедел сараптамаға сай елде мүгедектердің 38, ал бойжеткендердің 50 пайызы карантин кезінде отбасында қысым күшейгенін айтты.
Альбина ӘШІМ