Семейдегі орман өрті кезінде 30-ға жуық құтқарушы от құрсауында қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі орман өрті кезінде 30-ға жуық құтқарушы от құрсауында қалған

30.04.2020

«Семей орманы» резерваты аумағында өткен аптада тұтанған өрт бүгін толықтай сөндірілді. Мамандардың айтуынша, бұл соңғы 15 жылда қайталанбаған ауыр апаттың бірі. Орманшылар, өрт сөндірушілер мен әскерилердің жедел әрекеті мен қолда бар қуатты техниканы жұмылдырудың арқасында қызыл жалынның бет қайтты. Алайда табиғатқа орын толмас орасан зиян келді.

Мынау алапат өртпен арпалысып жүрген орманшылардың от құрсауында қалып қойған сәті. Айнала қоршаған қызыл жалын 30 шақты орманшыны осылай әбігерге салған. Өздері тұрған аумақты айналдыра соқамен жыртып, күйік алмас үшін киімдеріне су шашып аман қалған.

Өрт басталғаннан кейін 1 тәулік ішінде таралуы тоқтатылды. Алайда от шарпыған аумақты толықтай сөндіру үшін бір аптаға жуық уақыт кетті.

Қызыл жалын қасақана қойылған ба? Әлде адамдардың абайсыздығынан кетті ме? Нақты мәлімет жоқ. Белгілісі, бір ғана шырпыдан шыққан тілсіз жау бір тәулікте 3,5 мың гектар аумақты күлге айналдырып үлгерді.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу