75 жыл бұрын дәл осы күні лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа бірінші жетіп, жеңіс туын тікті.
Алайда қазақтың қайсар ұлының ерлігі көп жылдар бойы еленбей келгені, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгені баршаға мәлім.
Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. Ерлігі 62 жылдан соң ғана мойындалған қазақ азаматы тағдыр тауқыметін де ерте тартқан. Үш жасында анасынан айырылып, 13 жасында әкесі НКВД түрмесіне жабылады. Жетімдіктің зардабын көрген жас бала батылдығының арқасында Ақмола облысының Майтөбе ауылындағы жеті жылдық мектеп-интернатқа орналасады.
Елін қорғау жолында 1942 жылы Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Атқыштар дивизиясына түскен Рақымжан Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап I Беларусь майданында взвод басқарады. Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасты.
Соғыстан кейінгі жылдары ол Эльба бойындағы Кеңестік оккупация әскери бөлімінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола оьблыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі басқармада инспектор, ал 1967 жылдан бастап Алматы қонақүйінің директоры болып еңбек етеді.
Қайсар азаматқа 1999 жылы Тәуелсіз еліміздің Халық қаһарманы атағы берілді.
Айта кетерлігі, қазақ батырының осынау ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев еді. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасы бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі лайықты бағасын алуы үшін көп еңбектеніп, көп ізденді. Қазақ жауынгерінің дәл сол сәттегі әрекетін дәлелдейтін жүзден астам құжатты тауып, көтеріп, шетелдік басылымдарда да жариялануына түрткі болды.
Ал Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың және Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.