Елде салынатын жолдардың сапасы қатаң қадағаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде салынатын жолдардың сапасы қатаң қадағаланады

23.04.2020

Жол жөндеу жұмыстарында жемқорлыққа жол жоқ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті арнайы мониторинг тобымен бірлесе қаладағы тас жолдарды жөндеу жұмыстарын тексерді. Ондағы мақсат – жұмыс барысында сыбайлас жемқорлықты әшкерелеп, сапаны қадағалау. Мұндай тексеріс екі жылдан бері өткізіліп келеді. Нәтижие жоқ емес. Мысалы, былтыр Үркер шағын ауданында тас жолды сапасыз төсеу фактісі анықталған. Ал бүгінгі шара барысында төселіп жатқан тас жолдың материалдары алынып, зертханаға жолданды. Бірнеше күннен кейін нәтижесі анық болады.

Сондай-ақ биыл ақылы жолдардың саны артады. Бұл туралы бүгін «Жол инфрақұрылымының сапасын арттыру» мәселесіне арналған онлайн брифингте жауапты мамандар айтты. Яғни 5,7 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізілмек. Қазіргі күні елде ұзындығы 682 шақырымдық 4 жол учаскесі бар. Биыл осы жолдардан жиналған қаражат көлемі 1.1 триллион теңгеге жеткен. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы қайта жаңарту жұмыстарынан соң яғни, 2024 жылға дейін ақылы болады.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу