Қызылорда облысында көктем келгелі 51 адамды кене шақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында көктем келгелі 51 адамды кене шақты

21.04.2020

Қызылорда облысында көктем келгелі 51 адамды кене шақты. Онсыз да коронавирус өршіген аймақ үшін қауіпті зиянкестердің тарауы жағдайды одан сайын қиындатып жіберуі мүмкін. Жалпы Сыр өңірінде Конго-Қырым қанды безгегінің ошағы саналатын 117 елді мекен бар.

Оның үстіне биыл аймақта кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары елдегі төтенше жағдай режимі мен ауа-райының қолайсыздығына байланысты кеш басталды. Кешелі бері ғана Жаңақорған мен Шиелі аудандарында және қала аумағында дизинфекция жұмыстары қолға алынды.

Былтыр өңірде Конго-Қырым қанды безгегінің 9 жағдайы тіркеліп, ауруын асқындырып алған бір науқас қатерлі дерттен көз жұмды. Жалпы жыл сайын аймақта мыңға жуық адам кене шағып, дәрігерлер көмегіне жүгінеді.

Алайда биыл мамандарды алаңдататын тағы бір мәселе бар. Коронавирус инфекциясына шалдыққандар да жұқпалы аурулар ауруханасында, тек басқа бөлімде ем алады. Ал егер дала зиянкестерінен зардап шегушілер қатары азаймаса, емдеу орындарында төсек-орын жетіспеушілігі болуы мүмкін.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу