Түркістан облысында коронавирус дертінен алғашқы 6 науқас жазылып шықты. Олардың ішінде 17 күн бойы ем қабылдаған 74 жастағы зейнеткер бар. Қарияның ағзасынан алынған соңғы сынама теріс нәтиже көрсетіп, үйіне жіберілді.
Қостанайда карантиннің алғашқы күні тұрғындарға едәуір қолайсыздық тудырды. Шаһарда тәртіпті қадағалау үшін сырттан 80 сақшы келді.
Шығыс Қазақстан облысына да карантин енгізіледі. Шектеу елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін созылады.
Сыр өңірінде індеттен айығып шыққандар саны 17-ге жетті. 11 адам бүгін үйлеріне шығарылды. Жалпы аймақта коронавирус пандемиясының 143 жағдайы тіркелген болатын. Қазір ауруханаларда 126 науқас емделіп жатыр.
Батыс Қазақстанда қатерлі індетке шалдыққандар саны арта түсуде. Соңғы тәулікте тағы 5 адам тіркелді. Осылайша қазір облыста коронавирус жұқтырғандар саны 30-ға жетіп отыр.
Ақтөбеде вирус жұқтырған тағы төрт жағдай тіркелді. Екеуі ересек адам болса, екеуі 10 және 5 жастағы балалар.
Әділбек СЕРІКҰЛЫ