Елімізде төтенше жағдай режимін бұзғандар мен жалған ақпарат таратушылар тыйылмай тұр. Мәселен, Ақтау қаласында жасырын жұмыс істеген казино анықталды.
Бұл жерден компьютерлер, ғимаратты жалға алу бойынша келісімшарт құжаттары тәркіленді. Қазір заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарға қатысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, Түпқараған ауданында төтенше жағдай талабын бұзып, бетперде киместен қызмет көрсеткен азық-түлік дүкенінің басшысы 2 тәулікке қамалды.
Ал Қостанай облысы, Меңдіқара ауданының 28 жастағы тұрғыны «өңірдегі 4 қала карантинге жабылады» деп жалған ақпарат таратқан. Ол бұл әрекеті үшін 106 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Дәл осындай теріс қылығы үшін Амангелді ауданының тұрғыны да жауапқа тартылды
Талапты орындамағандар Ақтөбеден де анықталды. Полицейлер қала сыртындағы блок бекеттен Батыс Қазақстан облысы аумағына дәрі-дәрмек алып өтпекші болған көлік жүргізушісінің жолын кесті. Онымен бірге фармацевтикалық компанияның өкілі мен тағы 4 жолаушы болған. Төтенше жағдай режимін бұзғандарға әкімшілік хаттама толтырылды.
Жақсыбек КЕМАЛ