Нью-Йоркте вирустан қайтыс болғандар саны 4 мыңға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йоркте вирустан қайтыс болғандар саны 4 мыңға жетті

08.04.2020

Коронавирус пандемиясына жол ашқан Қытайдың Ухань қаласы бүгін карантиннен босатылды. Хубэй провинциясының астанасы карантинге қаңтардың 23-де жабылып, 11 миллиондай адам өзге әлемнен оқшауланған еді. Сан мың адам пойыздармен, ұшақтармен сапарға аттанып, жергілікті кәсіпорындар мен оқу орындары қайта ашылып жатыр. Жалпы алғанда, Уханьда жұмбақ инфекцияны 50 мыңнан астам адам жұқтырып, 2500-дейі қайтыс болды. Ресми деректерге қарағанда, Қытайда Covid-19-дан қаза тапқандардың 80 пайызы осы қалада тіркелген екен.

Еуропа одағы үшін өткен тәулік қиынға соқты. Блок елдерінің қаржы министрлері түні бойы келіссөз жүргізіп, коронавирустан зардап шеккен экономиканы қолдауға жарты триллион еуро бөлуге уағдаласа алмады.

Коронавирустан Италияда 17 мың, Испанияда - 14 мың, Францияда -10 мың адам жан тәсілім еткен. Германияда дауасы жоқ ауруға шалдыққандар 100 мыңнан асса да, құрбандар саны бұл елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Ал, Нью-Йоркте Covid-19-дан қайтыс болғандар 4 мыңға жетіп, 11-ші қыркүйек терактісінда мерт болғандар санынан асып кетті.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу