Елордада салынып жатқан госпиталь 25 сәуірде пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада салынып жатқан госпиталь 25 сәуірде пайдалануға беріледі

08.04.2020

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін салынып жатқан аурухана сәуірдің 25-інде пайдалануға берілуі тиіс. Емдеу мекемесін тұрғызып жатқан компания бүгін құрылыстың қалай жүріп жатқанын көрсетті.

Бұл аурухана құрылысының алғашқы күндері. Құмырсқадай қаптаған жұмысшылар госпиталдің іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызып жатыр.

Құрылысшылардың еңбектеніп жатқанына бүгін 4-күн. Осында шатыр тігіліп, үш ауысыммен 24 сағат бойы жұмыс істейді. Құрылыстың қалай жүріп жатқанын көрсеткен жауаптылар емдеу мекемесін айдың соңына дейін пайдалануға бермек.

Ал Алматыда аурухана құрылысы ертең басталады. Жер, техника барлығы дайын. Тек Шымкентте емдеу мекемесін салу сәл қиындық туғызып тұр. Өйткені мұнда аурухана алғашында Өзбекстандағы секілді контейнерлерден тұрғызылады делінгенімен, енді әкімдік ол ойынан айнып қалған. Сондықтан жоба қайта қаралып жатыр. Үш аурухананың құрылысына 14 миллиард 800 миллион теңге бөлінгені белгілі.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу