Кәсіпкерлер де игі істен шет қалып жатқан жоқ. Елордада шаруасын дөңгелетіп қана қоймай қайырымдылықты да ұмытпаған бір топ жігіт бүгін мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті. Азық-түлік қоржынымен қоса ыстық тамақ пен балаларға базарлығы да бар. Өзге өңірлерде де қайырлы істі бастаған азаматтар аз емес.
Кәсібінен нәсіп тауып жүрген жас жігіттер. Пицца пісіріп, үйге жеткізумен айналысады. Ал елордада карантин енгізілгелі бері тапқан пайдасының бір бөлігін қайырымдылыққа жаратып жүр. Көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарып береді. Бүгін жолшыбай күн демей, түн демей еңбек етіп жүрген полицейлер, дәрігерлер мен қара жұмысшыларға жүрек жалғатты.
Ал Қостанайдағы астық өңдеуші кәсіпорындардың бірі мұқтаж отбасыларға 25 келіден тегін ұн таратты. Қазірдің өзінде 200 отбасы көмек алды. Алдағы күндері олардың санын мыңға жеткізу көзделген.
Павлодарлық дихандар болса, бас қалаға 32 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Екі жүк көлігіне фермерлердің өздері өсірген азық-түлік өнімдері, вирустан қорғануға арналған медициналық бұйымдар тиелген.
Керекуліктер жіберген көмек кейін елордада мұқтаж отбасыларға таратылады. Жүрегі жомарт жандар бұл ізгілікті істі әрі қарай жалғастыра бермек.
Альбина ӘШІМ