Қызылорда облысында бір тәулікте вирус жұқтырған 17 адам анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында бір тәулікте вирус жұқтырған 17 адам анықталды

07.04.2020

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясымен бір тәулікте 17 науқас тіркелді. Қазір олардың жалпы саны 54-ке жетті. Аймақтағы қауіпті індет ошақтарының қатарына Сырдария ауданы да қосылды. Өкінішке орай, вирустың таралу аумағы ұлғайып барады.

Шиелі ауданындағы Төңкеріс ауылынан індет жұқтырған 20 адам шығып отыр. Жағдайдың ушығуына елді мекенде төтенше жағдай режиміне қарамастан ағайын-туыс арасындағы отбасылық шаралардың өтуі себеп болып отыр. Қазір аядай ауыл толықтай карантинге жабылды. Сондай-ақ Сырдария ауданында алғашқы науқас тіркелді.

Бұл кеселден келетін қауіпті ұғынбаған тұрғындар әлі де көптеп кездесуде. Себебі, карантин уақытында блок посттарды айналып өтпек болған 11 адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аймақтың Бас санитарының қаулысы жарияланды. Яғни, енді шаһарда 55 жастан асқан тұрғындарға мүлдем көшеге шығуға тыйым салынды. Кешкі 21-00 мен таңғы 6-00 ге дейін қалада жүруге болмайды. Азық түлік дүкендері таңғы 10-нан 18-00 ге дейін жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, көшеде бетпердесіз жүрген адамға бұдан былай айыппұл салынады. Қала ішілік көлік қатынасына да бірқатар шектеулер енгізілді.

Мұнан бөлек, залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді. Қазірдің өзінде 46 нысанға санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу