Қазақстан-Испания форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Испания форумы өтті

23.04.2018

Испания кәсіпкерлері Қазақстанда аурухана, әуежай, теміржол салуға қызығушылық білдіріп отыр. Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларына қатысуға ниеттерін бизнесмендер Мадридте өткен Қазақстан-Испания форумында жеткізді. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі ұйымдастырған шараға Испания үкіметінің мүшелері, қос елдің кәсіпкерлері қатысты. Жиында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен оның еншілес компанияларының басшылары өз қызметтері жайлы шетелдіктерге мол мағлұмат беріп, өзара іскерлікті нығайтуға уағдаласты.

Қазақстан мен Испания қатынасы қамал сынды, берік. 25 жыл бұрын сенімді серіктестікке құрылған әріптестік бүгінде мызғымас достыққа айналды. Былтыр екіжақты сауда айналымы 1 млрд. 700 млн. долларды құрады. Сауда-саттықты еселеуге екі жақтың да әлеуеті зор. Қазақ-испан кәсіпкерлерінің Мадридте бас қосуының басты себебі осы ынтымақтың көкжиегін кеңейту.

Қазақстан Испанияға негізінен қара алтын, мұнай өнімдерін, болат, мыс, тазартылған қорғасын экспорттайды. Ал, испаниялықтар бізге электр жабдықтарын, фармацевтикалық өнімдер, керамика мен шыныдан жасалған бұйымдарды тасымалдап отыр. Бір-бірімізден аларымыз да, береріміз де әлі көп. Жиында тараптар осы алыс-беріс, сауда-саттық тетіктерін талқылады.

Мариса Понсела Гарсия, Испания Экономика министрлігінің сауда жөніндегі бас хатшысы:

- Энергоресурстардың бағасы төмендегеніне қарамастан, Қазақстан экономикалық ахуалын жақсартты. Тіпті, дамуға бағытталған жаңғыру бағдарламасын қабылдады. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті технология бізде бар. Сондықтан, біз испаниялық компанияларды Қазақстанға инвестиция құюға шақырамыз. Себебі, қазақ елі шетелдік инвесторларға кепілдік береді.

Бас хатшының сөзін Қазақстанда кәсібін дөңгелеткен испан компанияларының басшылары да құптады. Дені тоқыма өнеркәсібі, көлік-логистика, мұнай-газ салаларында табысты еңбек етіп отырғандар. Жалпы, мемлекеттік-жеке әріптестік бойынша тың жобасы бар испаниялық кәсіпкерлерге «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қаржылай қолдау көрсетуге дайын. Холдинг басшысы жиында жобаларды қаржыландырудың қыр-сырын баяндады.

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

- Мысалы, «Kazakhstan project preparation fund» барлық жобалық қаржылық құжаттаманы әзірлейді. Сонымен жобаны қаржыландыруға дайындайды. Егер жоба үлкен болса, біз «Даму» банкі арқылы, ұзақмерзімді арзан ставкамен несие береміз. Егер бұл жоба шағын және орта бизнеске арналса, біз «Даму» қоры арқылы әртүрлі инструменттер қосамыз ставканы субсидияландыру, тікелей қаржыландырамыз.

«Бәйтерек» холдингінің 11 еншілес компаниясының жетекшілері де форумда өз қызметтері жайлы толық мағлұмат берді. Қазақстанға инвестиция салудың тиімді тұстарын «ҚазақИнвест» басшылығы испаниялықтарға тәптіштеп түсіндірді.

Хоакин Гай Де Монтейя, Испания кәсіпкерлер ұйымының вице-президенті:

- Инвестициялық тартымдылығы жоғары, бейбітсүйгіш қазақ елінде инвесторларды қорғау механизмі жақсы жолға қойылған. Шетелдік инвесторларды тоқыма өнеркәсібі, теміржол, телекоммуникация салалары қызықтырып отыр. Қазақ үкіметі экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін қазіргі 26 пайыздан 60 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Испаниялық бизнес қауымдастық мұндай мүмкіндікті қалт жібермейді деген сенімдемін.

Испаниялық кәсіпкерлер елдегі жекешелендіру процесіне де белсенді қатыспақ ниетте. Тағы бір топ компания өкілдері Қазақстанда аурухана, жаңа әуежай, теміржол салуға құлшынып отыр. Нақты жобалар шілдеде Астанада өтетін Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының іскерлік кеңесінде  бекітілмек.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу