Халықаралық валюта қоры 1 триллион долларлық резервін коронавируспен күресуге бөлмек

06.04.2020

Халықаралық валюта қоры өзінің 1 триллион долларлық резервін коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан елдерге көмекке жұмсауға дайын. Мұны осы ұйымның басшысы Кристалина Георгиева мәлімдеді. Оның айтуынша, қордан әлемнің 90 елі бір сәтте көмек сұраған. Ал Нью-Йорктің хайуанаттар бағында қауіпті вирус тіпті жолбарыстың баласынан да табылған. Еуропада одан қайтыс болғандар азая бастаса, Құрама Штаттар президенті Трамп америкалықтарды «ең ауыр апта» күтіп тұрғанын ескертті.

АҚШ-тағы жағдай да күрделі. Ақ үй әкімшілігі ескерткендей, америкалықтарды алда «өте ауыр апта» күтіп тұр. Құрама Штаттарда Соvid-19 вирусы 335 мың адамнан табылып, одан 9 жарым мыңдайы қайтыс болған.

Медицина сарапшыларының есебінше, Америкада коронавирус 240 мың адамның өмірін жалмауы мүмкін. Бірақ, соңғы күндері кейбір штаттарда құрбандар саны азайып, дағдарысты жеңуге деген үміт пайда болды.

Covid-19 былтырғы жылдың соңында Қытайдың Хубэй провинциясының астанасы Ухань қаласынан тарады. Мұнда эпидемия ауыздықталғанымен, симптомы көрінбейтін коронавирус қаупімен күрес басталып жатыр. Өйткені, бүкіл әлемді шарпыған аурудың белгісін байқатпаған адамдар вирусты өзгелерге жұқтырып, эпидемияны қайта өршітуі мүмкін. Өткен тәулікте осындай 78 пациент анықталды. Соған қарамастан, Ухань сәуірдің 8-де карантиннен босатылып, одан қаңтардан бері тұрғындардың шығуына алғаш рет рұқсат берілейін деп отыр.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу