Елімізде 42 500 әлеуметтік төлем бүгін беріле бастады. Қазірдің өзінде 3000-нан астам адам көмекке қол жеткізген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Дегенмен, бұл қаржыны алу халыққа оңайға соқпай тұр. Көбі e.gov.kz жаңадан ашылған сайтқа да, телеграм-ботқа да кіре алмай жатыр. Тіпті, кейбір ауылды аймақта карантин талаптарына бағынбай, почта жағалап кеткен.
Әлеуметтік көмек алудың үш түрлі тәсілі бар. Біріншісі e.gov.kz порталы, екіншісі www.42500.enbek.kz сайты, үшіншісі Telegram-bot бағдарламасы. Үшеуінде де цифрлы қолтаңбасыз құжат рәсімдеуге болады. Мәселен, www.42500.enbek.kz сайты арқылы түсіндірсек, біріншіден сайтқа кіресіз. 2. «Жәрдемақы алу 42500» теңге» деген нұсқауды басасыз. 3. Өтініш берушінің аты-жөні, ЖСН, IBAN немесе жұмыс берушінің Бизнес сәйкестендіру нөмірі, е-mail көрсетілген форманы толтыру қажет. 4. Форманы жіберу керек. 5. Жүйе телефон нөмірін көрсетуді сұрайды. 6. СМС хабарлама арқылы жіберілген кодпен телефон нөмірін растайсыз. Бұдан соң өтініш қабылданып өңделіп, смс хабарлама келу керек. Тағы бір ескеретін жайт, қазір осы бастаманы пайдаланып, ақша жымқырудың амалына көшкендер бар. Сондықтан жеке басыңызға қатысты мәліметттерді бейтаныс адамдарға жіберуге болмайды.
Қазір Халыққа қызмет көрсететін 1800 маман онлайн қазір қызметке көшкен. Сондықтан қызметкерлер осы әлеуметтік көмекке қатысты кез келген сұраққа жауап беруге дайын. Ол үшін 1414 нөміріне хабарласу керек.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ